Тері мен жүнді қайта өңдеу жобасы қолға алынбақ

Өңір басшысы Ғали Есқалиев өткен жылғы Түркияға сапары кезіндегі түрік кәсіпкері Айдин Ибрагимнің тері мен жүнді қайта өңдеу жобасын жүзеге асыру жөніндегі ұсынысын қолдады.

Теріні бастапқы өңдеу бойынша тоқтап тұрған “Пош Руно" ЖШС бірнеше ай ішінде қалпына келтіріліп, тері өңдеу экспортын бастады. Сонымен қатар, 30 жұмыс орны қалпына келтірілді.

Кездесуде жобаның келесі кезеңі - қой мен ешкінің жүнін өңдеу, ланолин, өңделген жүн және басқа да өнім түрлерін өндіру туралы
талқыланды.

Сондай-ақ, түрік инвесторы болашақта Оралда былғары мен жүннен дайын өнім өндіруді бастауға дайын екенін жеткізді.

Өңірде ұсақ мал жүні өңделмейтінін және қоқысқа тасталатынын ескере отырып, облыс әкімі бірінші орынбасары А.Өтеғұловқа жобаны шикізатпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, оңтүстік-батыс аудандардың ақсақалдары облыс әкімімен кездесу барысында ұсақ мал жүнін өңдеу мәселесін көтерген болатын.

Дереккөз: Батыс Қазақстан облысының әкімдігі