Калий тыңайтқыштарын өндіру қолға алынбақ

Облыс әкімі Ғали Есқалиев пен "SRPM Resources Ltd" компаниясының директоры Денис Черкашин Ақжайық ауданында калий тыңайтқыштарын өндіру бойынша жобаны қайта бастау барысын талқылады.

Компания Сәтімола және Шалқар кен орындары базасында калий тыңайтқыштарын өндіру комбинатын салуды жоспарлап отыр. Жеке инвестициялар сомасы 800,0 млн. астам АҚШ долларын құрайды, жобаның қуаттылығы жылына 6,0 млн. тоннаға жуық.

Қазіргі уақытта компания шикізатты тәжірибелік өндіруді бастау үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуде.

Әлемде калий тыңайтқыштарын тұтыну көлемінің жыл сайынғы өсуі жобаның үлкен өзектілігін көрсетеді. Оны табысты іске асыру Қазақстанға ҚХР, АҚШ, Үндістан және РФ-дан кейін негізгі минералдық тыңайтқыштардың (азот, фосфор, калий) барлық пакетін өндіретін әлемдегі бесінші ел болуға мүмкіндік береді.

Сондай – ақ, инвестор "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін жалпы ұзындығы 350 км "Мақат-Орал" темір жолы учаскесінің құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп жатқанын хабарлады, оны дамыту қажеттілігі туралы Қазақстан Президенті таяуда Ашхабадта өткен Каспий маңы мемлекеттері басшыларының кездесуінде айтқан болатын.

Облыс әкімі сондай-ақ инвесторға Тайпақ колледжінің базасында калийлық жоба үшін де, бүкіл өңір үшін де техникалық мамандарды даярлау орталығын ұйымдастыруды ұсынды.

Дереккөз: Батыс Қазақстан облысының әкімдігі